2026 жылғы 19 ақпанда «География» білім беру бағдарламасы оқытушыларының
ұйымдастыруымен студенттер мен магистранттарға арналған онлайн дәріс
өткізілді.
Дәріске қонақ ретінде Бішкек мемлекеттік университеті профессоры Жұмакадыр
Жекшенұлы Қарамолдаев қатысты. Дәріс тақырыбы: «Орталық Азия тауларына
физикалық-географиялық сипаттама».
Лектор Орталық Азия тауларына кешенді физикалық-географиялық талдау жасап,
аймақтың геоморфологиялық құрылымы, климаттық ерекшеліктері, өзен
алаптарының гидрологиялық жағдайы және қазіргі сейсмологиялық ахуалына жан-
жақты тоқталды.
Сонымен қатар табиғатты біртұтас географиялық кешен ретінде қарастыру
тұжырымдамасын қалыптастырған белгілі ғалымдар – В.Б. Сочава, А.Г. Исаченко,
В.С. Преображенский еңбектеріне ғылыми шолу жасалды.
Дәріс барысында гидрографиялық ерекшеліктер, өзендердің ағын режимі, жер
асты сулары мен бұлақтардың таралу заңдылықтары кеңінен түсіндірілді.
Кездесу мазмұнды әрі жоғары ғылыми деңгейде өтті. Студенттер мен
магистранттар белсенділік танытып, сұрақтар қойып, ғылыми пікір алмасуға
қатысты. Онлайн дәріс физикалық география саласындағы өзекті мәселелердің
маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.


