2026 жылдың 17-ші ақпанында Astana
International University-де студенттер мен оқытушылардың қатысуымен Жаңа
Конституция жобасын түсіндіруге арналған маңызды кездесу өтті. Шара ашық диалог
түрінде ұйымдастырылып, оған университет ректоры, «Әділетті және
прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық
коалициясының Астана қаласы Есіл аудандық штабының төрағасы Санира Орынтайқызы
мен басты өкілдері Сұңқар Хангелдина, Айгерім Серікжанова және танымал
блогер Әсем Нұрсейітова, сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты Павел
Казанцев, қалалық мәслихат депутаты Ғабит Тәжімұратов қатысты.
Университет
ректоры жиынды аша келе, бұл реформалардың студенттер мен оқытушылар үшін
стратегиялық маңызы бар екенін, сондай-ақ, университет ұжымы елдегі саяси
өзгерістерден қалыс қалмайтындығын хабардар етті. Талқылау барысында
Жалпыұлттық коалиция өкілдері Конституциядағы басты жаңалықтарды қарапайым
тілмен түсіндіріп берді. Соның ішінде мемлекеттің әлеуметтік қолдау
бағытындағы, яғни, тегін білім беру мен медицина саласындағы кепілдіктерді
кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, цифрлық дәуірдегі жеке мәліметтерді қорғау құқығының Конституция деңгейіне көтерілуі заман талабына сай жасалған үлкен қадам екені айтылды. Спикерлердің сөзінше әр азаматтың жеке дербес деректері енді заңмен қатаң түрде қорғалмақ. Кездесу соңында қатысушылар алдағы республикалық референдумның маңызын талқылап, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Нәтижесінде, олар ел болашағына бей-жай қарамайтындарын және өз таңдауларын жасауға толықтай әзір екендерін жеткізді







