AIU базасындағы BLCU Kazakhstan студенттері Қытайда қысқы тілдік тағылымдамадан өтуде

2025 ж. 17 жел., ср, 13:02

Astana International University базасындағы BLCU Kazakhstan филиалының Foundation бағдарламасы бойынша білім алатын 50 студенттен құралған делегация Қытай Халық Республикасына қысқы тілдік тағылымдамадан өту үшін аттанды. Олар Пекин тіл және мәдениет университетінің (BLCU) Хайнань кампусында 15-30 желтоқсан аралығында білімдерін жетілдіруде.

Тағылымдама студенттердің академиялық дайындығының маңызды бөлігі саналады. Бағдарлама аясында қатысушылар қытай тілін терең меңгеріп, елдің мәдениеті мен дәстүрлерімен жақын танысады, сондай-ақ Қытайдағы жетекші лингвистикалық жоғары оқу орындарының біріндегі оқу үдерісінің ерекшеліктерін зерделейді.

Қытайға келген студенттерді Пекин тіл және мәдениет университетінің директоры Ю мырза жылы қарсы алды. Ол өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, BLCU университетінің Қазақстанмен тарихи байланысына тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы университетте шамамен 40 жыл бұрын білім алғанын еске салды.

Сабақтарды қытай тілін шет тілі ретінде оқытуда мол тәжірибесі бар BLCU-дің білікті оқытушылары жүргізуде. Бұл студенттерге жоғары академиялық деңгейде білім алуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, аталған тілдік тағылымдама қытай тарапының толық қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Студенттерге қолайлы оқу және тұру жағдайлары жасалған. Тек әуе қатынасына байланысты шығындар ғана студенттердің өз есебінен төленеді.

Хайнаньда өтіп жатқан қысқы тағылымдама - жастардың кәсіби және тілдік әлеуетін арттырумен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам.


137