21 қараша күні Астана қаласындағы
Haileybury халықаралық мектебінде елдегі экологиялық мәдениетті, волонтерлікті
және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуді мақсат еткен “Green Steppe: Әр
қадамдағы экоойлылық” жобасының баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға экология
саласының сарапшылары, жобаның өңірлік үйлестірушілері, білім беру ұйымдарының
өкілдері, жас эковолонтерлер мен мемлекеттік құрылымдар қатысты.
Баспасөз конференциясында көтерілген
мәселелер Қазақстан қоғамы үшін өзекті. Соңғы жылдары климаттың өзгеруі,
биоалуантүрліліктің азаюы, ауаның ластануы және табиғи ресурстардың шамадан тыс
пайдаланылуы елімізде экологиялық жауапкершілікті күшейтуді талап етіп отыр.
Бұл ретте экобілім мен экологиялық мәдениет қалыптастырудың маңызы айқын
көрінуде.
Іс-шарада Астана халықаралық
университетінің Жаратылыстану жоғары мектебінің аға оқытушысы, эколог, PhD Айман
Карабалаева сөз сөйлеп, «Жас ғалым» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан
бастамалар туралы баяндады. Ол еліміздегі экожүйелерді қалпына келтіру
бағдарламаларының ғылыми негіздері мен жастарды табиғатты қорғауға ынталандыру
тетіктерін атап өтті.
ЖҒЖМ AIU аға оқытушысы, PhD Шолпан
Бисембаевна Абилова «Биоалуантүрлілікті сақтау» тақырыбында баяндама жасап,
табиғи тепе-теңдікті ұстап тұрудың, сирек кездесетін түрлерді қорғаудың және
қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттырудың маңызын көрсетті.
Ал ЖҒЖМ AIU оқытушы-докторант, эколог әрі
экоактивист Айдана Саламатқызы Қыдырова мектеп оқушылары мен жастар
арасында экологиялық өмір салтын енгізудің тәжірибелік тәсілдерін ұсынды. Оның
айтуынша, экологиялық әдеттерді ерте жастан қалыптастыру - болашақта тұрақты
дамуға қол жеткізудің негізгі кепілі.
“Green Steppe” жобасы бір жыл ішінде
мыңдаған жас волонтерді тартып, ондаған экологиялық бастамалардың жүзеге асуына
жол ашты. Еліміздің көптеген мектептерінде экоклубтар ашылып, экологиялық білім
беру жаңа деңгейге көтерілді. Бұл - экология мәдениетін қалыптастырудың жүйелі
түрде жүргізіліп жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Сонымен қатар жоба аясында тұрақты даму
мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыру бағытында нақты нәтижелер байқалады. Атап
айтқанда:
·
ТДМ 4 - Сапалы білім: экологиялық сауаттылықты арттыруға арналған оқу
модульдері енгізілуде;
·
ТДМ 11 - Тұрақты қалалар мен елді мекендер: қалалық ортадағы экологиялық
жобалар саны артты;
·
ТДМ 13 - Климаттың өзгеруімен күрес: ағаш отырғызу, қалдықтарды басқару және
табиғатты қалпына келтіру шаралары тұрақты түрде өткізіледі;
·
ТДМ 15 - Құрлық экожүйелерін сақтау: сирек түрлерді қорғау және табиғи
резерваттарды күшейту бастамаларына қолдау көрсетілуде;
·
ТДМ 17 - Әріптестік: мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, ҮЕҰ және
еріктілер қозғалысы арасында ынтымақтастық нығайды.
Жасыл болашаққа бағытталған
қадам
Баспасөз конференциясы қоғамдық экосананы
қалыптастыруда диалогтың маңызы зор екенін дәлелдеді. Сарапшылар, мұғалімдер
мен жастардың бір алаңда бас қосуы экологиялық жауапкершілікті арттыруға, жаңа
идеялар мен бастамаларды талқылауға мүмкіндік берді.
Қоршаған ортаны қорғау - тек бір ұйымның
немесе бір саланың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. “Green Steppe”
сияқты жобалар елімізде экологиялық мәдениетті нығайтып, жас ұрпақты табиғатты
аялауға тәрбиелеуге зор үлес қосуда.



