Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ғалымдары AIU-де ғылыми семинар өткізді

2025 ж. 28 қар., жм, 05:39

2025 жылғы 27 қарашада Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің биология-география факультетінің ғалымдары ғылыми ынтымақтастық аясында Астана халықаралық университетінің «Nature Lab» ғылыми-зерттеу зертханасына келіп, бірқатар ғылыми-оқытушылық іс-шаралар ұйымдастырылды.

          Кездесу барысында б.ғ. к., жетекші ғылыми қызметкер Ишмуратова М.Ю., б.ғ. к., ботаника кафедрасының меңгерушісі Тлеуканова С.У., сондай-ақ ғылыми қызметкер Мусина Р.Т. AIU Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі оқытушылары, студент, докторанттар және жас ғалым зерттеушілер үшін «Өсімдік нысандарын микроскопиялық зерттеу әдістері» тақырыбында оқу-әдістемелік семинар өткізді.

Семинар кезінде қатысушылар:

1.     өсімдік тіндерін микроскопиялық талдау әдістерімен танысты;

2.     өсімдіктердің анатомиялық және морфологиялық құрылымдарын зерттеу тәсілдерін қарастырды;

3.     оптикалық және цифрлық микроскоптармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгерді;

4.     үлгілерді дайындау кезеңдері мен микропрепараттарды талдау үдерісін бақылады.

Сонымен қатар ғылыми қызметкерлерге «Nature Lab» зертханасының инфрақұрылымы таныстырылды: өсімдіктерді генотиптеуге арналған жабдықтар, биологиялық белсенділікті анықтау әдістері және морфологиялық зерттеулер бағыттары. Тараптар бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, ғылыми жарияланымдар дайындау және зерттеу нәтижелерімен алмасу перспективаларын талқылады.

Астана халықаралық университеті Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің әріптестеріне нәтижелі ынтымақтастығы үшін алғыс білдіреді. Өткізілген семинар екі университет арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға және жас ғалымдардың кәсіби құзыреттерін арттыруға ықпал етті.


247