Бүгін Astana International University қабырғасында
Литва Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі
Эгидиюс Навикаспен кездесу өтті. Кездесудің басты тақырыбы – Қазақстан мен
Литва арасындағы жоғары білім, академиялық ұтқырлық және халықаралық білім беру
бағдарламалары саласындағы ынтымақтастықты дамыту болды.
Кездесуге Astana International University президенті
Серік Ирсалиев, университет басшылығы мен халықаралық ынтымақтастық бөлімі
өкілдері қатысты. Тараптар студенттер мен оқытушылардың алмасу бағдарламалары,
бірлескен ғылыми конференциялар мен тағылымдамаларын ұйымдастыру, сондай-ақ
Қазақстан мен Литва университеттері арасындағы қос диплом бағдарламаларын
дамыту мәселелерін талқылады.
Эгидиюс Навикас өз сөзінде білім беру саласының
Қазақстан мен Литва арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды бағыты
екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай бастамалар халықтар арасындағы өзара
түсіністік пен сенімді нығайтуға, білім мен мәдениет алмасуына жол ашады.
Өз кезегінде Astana International University
президенті Серік Ирсалиев литвалық тарапқа қызығушылығы мен қолдауы үшін алғыс
білдіріп, халықаралық әріптестіктің университеттің серпінді дамуы мен әлемдік
білім кеңістігіндегі беделін арттырудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
Кездесу өзара құрмет пен ашық пікір алмасу
атмосферасында өтіп, екі тараптың да білім және ғылым саласындағы екіжақты
байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін көрсетті.