2025 жылғы 19 қыркүйекте Astana International
University Президентінің кеңесшісі болып ғарышкер-сынақшы Мұхтар Рабатович
Аймаханов тағайындалды. Оның тағайындалуы университеттің
инженерлік, ғарыштық зерттеулердегі стратегиялық бастамаларын жүзеге асырумен
және университеттің спутнигін ұшырумен байланысты.
Мұхтар Аймаханов 1988 жылы Чернигов жоғары әскери
авиациялық училищесін «ұшқыш-инженер» мамандығы бойынша тәмамдап, Әскери-әуе
күштерінің құрамында қызмет атқарған. 2000-жылдары қаржы саласында белсенді
еңбек етіп, құқықтану бағытында да білім алды.
2003 жылдан бастап Ю.А. Гагарин атындағы ғарышкерлерді
даярлау орталығында оқудан өтіп, 2005 жылы «ғарышкер-сынақшы» біліктілігін
алды. 10 жылдан астам уақыт бойы ғарыштық дайындықтан өтіп, арнайы жаттығулар
мен ғылыми жобаларға, соның ішінде Халықаралық ғарыш станциясына ұшу
бағдарламасына қатысқан.
2022 жылдан бері ғарышкерлерді даярлау және ғылыми қызметпен айналысуды
жалғастыруда.
Мұхтар Рабатовичтің AIU – де қызметінің басталуы университеттің дамуы мен инженерия
және ғарыштық технологиялар саласында жаңа бағыттардың қалыптасуындағы маңызды
қадам болып табылады. Оның тәжірибесі мен білімі болашақ ғылыми мамандарды
даярлауға және университеттің зерттеу әлеуетін арттыруға, әсіресе AIU-дың
R&D Индустрия 4.0 орталығы аясындағы қызметінде зор үлес қосты. Бұл
құрылымдық бөлімшенің міндеттері – ғылыми зерттеулер жүргізу, инновациялық
шешімдер әзірлеу және Индустрия 4.0-дің негізгі бағыттары бойынша кадрлар
даярлау. Сондай-ақ пико және наноспутниктер топтамасын құру, цифрлық егіздер,
жасанды интеллект пен аддитивті технологияларды қолдану жобаларын іске асыру.
Мұхтар Рабатовичтің авиация және ғарыш саласындағы
тәжірибесі университеттің осы бастамаларын күшейтіп, инженерлік зерттеулерге
жаңа серпін беруге және ғарыш пен жоғары технологиялар саласындағы халықаралық
ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.