AIU халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты

2025 ж. 29 там., жм, 12:00

2025 жылғы 28–29 тамызда елордада Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.


Ауқымды іс-шараны Конституциялық Сот ұйымдастырып, оған шетелдік конституциялық соттардың төрағалары мен судьялары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, құқық қорғау жүйесінің өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік құқық саласының ғалымдары, сарапшылар, Astana International University Жоғары құқық мектебінің профессор оқытушылары қоса алғанда 500-ден астам қатысушы қатысты.

Astana International University Президенті Серик Азтаевич конференциясына қатысып, салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Конституцияның тарихи маңызын және тұрақты құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы оның басты рөлін атап өтті. Сондай-ақ университеттің болашақ заңгерлер мен мемлекеттік қызметкерлерді даярлаудағы миссиясын ерекше көрсетті. Сонымен қатар қазіргі әлем жағдайында осындай ғылыми диалог алаңдарының маңыздылығына назар аударды.

Конституциялық Сотта өткен сессияда конституциялық құрылымды тұрақтандыру, құқықтық нигилизмді алдын алу, құқық үстемдігі және Негізгі Заңды қорғау тетіктері мәселелері қаралды.

Басқа сессияларда заңнаманы цифрландыру, конституциялық бақылаудың рөлі, заңдардың Конституцияға сәйкестігі, әлеуметтік әділеттілік, этносаралық келісім және қоғамдық бірлікті нығайту мәселелері талқыланды. Халықаралық сарапшылар да қазіргі конституционализм, азаматтардың құқықтарын қорғау және әкімшілік әділдік саласындағы жетістіктер жөнінде баяндамалар жасады.


44