Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің
әлеуметтік жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісінің орынбасары (вице-министр
дәрежесінде) Цай Лисинь ханым бастаған делегация Халықаралық Астана
университеті (AIU) базасында жұмыс істейтін Бейжің тіл және мәдениет
университетінің (BLCU) филиалына ресми сапармен келді. Іс-шараға сондай-ақ
ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қатысты.
Сапардың мақсаты - Қазақстандағы BLCU
филиалының қызметімен танысу және оның болашақ даму перспективаларын талқылау.
Кездесу барысында тараптар филиалдың білім беру бағдарламаларының сәтті іске
асырылып жатқанын, қытай тіліне деген қызығушылықтың тұрақты өсіп келе жатқанын,
сондай-ақ екі ел арасындағы академиялық және мәдени байланыстардың белсенді
дамып келе жатқанын атап өтті.
Қытай делегациясының басшысы Қазақстан мен
Қытайдың жастар ұйымдары арасындағы тұрақты байланыстарды нығайтуға, жас
мамандарды халықаралық волонтерлік қозғалысқа тартуға және әлеуметтік жұмыс
саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыруға қызығушылық білдірді.
AIU президенті Серік Ирсалиев екі ел
арасындағы жастар алмасуын кеңейту бастамасын қолдап, университеттің
волонтерлік ұйымдарының халықаралық жобаларға, соның ішінде Қытай
серіктестерімен ынтымақтастыққа қатысуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын
екенін білдірді.
Аталған сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы
білім беру, мәдениет және жастар бастамалары саласындағы стратегиялық
әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.